Шеттегі ағайындар қолдан келгенше аттың басын елге қарай бұруы керек - Т. Мамашев

trong>Қазанның 22-сі. ҚазАқпарат / Әділет Мұсахаев / - Шетте жүрген қазақтардың бүгінгі тыныс-тіршілігі қалай, осы уаққа дейін қанша қазақ елге оралды, мемлекет қандай қолдау көрсетуде?Дүниежүзі қазақтары  қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев

ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында осы мәселелер төңірегінде ой өрбітті.

 -Талғат Асылұлы, шеттегі ағайындармен байланыс қаншалықты деңгейде жүріп жатыр және оларды қандай мәселелер алаңдатуда?

 -Қазір әлемнің 40-тан астам елінде шамамен 5 миллиондай қандастарымыз өмір сүріп жатыр. Егемендік алған жылдардан кейін сырттағы ағайындарға Қазақстанның есігі айқара ашылды. Содан бері құдайға шүкір, 1 миллионнан астам қандастарымызды елге көшіріп алдық. Бұл бізге сан берді, екіншіден сапа берді, сондай-ақ ұлттық тіліміздің одан әрі жандануына пайдасын тигізді. Кешегі өткен халық санағында қазақтың саны 65 пайыз болғаны осы келген оралмандардың арқасында деп ойлаймын. Енді осы бағытты одан әрі жандандырсақ, 75-80 пайызға жететініне сенемін. Бірақ сырттағы 5 миллион қазақты бір күнде Қазақстанға көшіріп алайық деген мақсат қойып отырғанымыз жоқ, ол мемлекеттің саясаты, дегенмен келем дегендерге есік әрқашанда ашық. Ал енді сол тұрып жатқан жерінде түтінін түтетіп тұра береміз деген ағайындарға жағдай жасауымыз керек. Олардың рухани сұраныстарына көмектесіп, тілді, салт-дәстүрді ұмытпауы үшін көмек беріп отыруымыз қажет. Міне, біз осы бағытта жұмыс жүргізіп келеміз, бүгінгі күнде әлемнің 40-қа жуық елінде тұрып жатқан қандастарымыздың 32 елде қазақ-мәдени орталықтары құрылған, олар бізбеннен тікелей байланыста жұмыс жасап отыр. Жуырда қазанның 16-сы күні Дүниежүзі қазақтары қауымдастығында халықаралық тіл мәселелері жөнінде дөңгелек үстел өткіздік, оған 15 елдің мәдени орталықтарынан 50-ге жуық қазақтар келді, көптеген мәселелерімізді талқылап, шешімдер қабылдадық.

 Аманшылық болса ендігі жылы әлем қазақтарының IV құрылтайы өтеді, осы құрылтайды жоғары деңгейде өткізіп, жаңа бағыт-бағдар алсақ деген ойменен жұмыс жасап жатырмыз.

Шеттегі ағайындарды не алаңдатады дегенге келсек, ол тұрып жатқан елінің экономикасына байланысты. Айталық, ресейдегі қазақтардың экономикалық жағдайы жаман емес, құдайға шүкір, олардың жұмыстары бар, еңбекақылары бізден төмен емес. Ресеймен еліміздің қарым-қатынасы да жақсы, қазір шекарадан ары-бері өтуде еш қиындық жоқ. Ал енді көбінде келіп жатқан Өзбекстандағы ағайындарымыз, ол жақтағы мәселе тағы да экономикаға келіп тіреледі. Ондағы экономикалық жағдай бізбенен салыстыруға келмейді, ол көршімізді сынаған емес, бұл шындық, онда жұмыссыздық өршіп тұр. Егер жұмыссыздық болатын болса, қара шай мен нанға қарап отыратын болса, бала-шағасының келешегін көрмесе, олар Қазақстанға аттың басын бұрмағанда, қайда бұрады? Сондықтан ондағы ағайындар ағылып келіп жатыр, келе береді де.

Алып көршіміз - Қытай еліндегі ағайындарды жұмыссыздық, қарынның аштығы сияқты мәселе онша алаңдатпайды. Олар ақырын-ақырын қытайланып бара жатыр, бізде кейбір білмейтін журналистер Қытайда екі арна күні-түні қазақ тілінде сөйлейді деп жазады,  ол тек мемлекеттің берген ақпаратын қайталайды да отырады. Өкімет бүйтіп жатыр деп, ресми хабарларды немесе аударылған киноларды беріп отырады. Міне сондықтан ондағы ағайындар қолдан келгенше аттың басын елге қарай бұруы керек. Мен осы жазда Қытайды 10-15 күн аралап, қандастарымыздың жағдайын көріп келдім. Дәл ұйғыр оқиғасы кезінде барған едім, осы мәселе біздің ағайындарға да оңай тиген жоқ. Тәртіп қатал бола бастады, шекарадан шығу қиындап кетті, т.б. мәселелер туындады. Біздің Қытайменен экономикалық және басқа жағынан байланыстарымыз жаман емес, елбасыларының қарым-қатынасы жақсы, жылдан-жылға ол дами береді де, бірақ соның арасында сол экономикалық байланыстарды дамыта отырып, ондағы қандастарымыздың мүддесі әрқашанда біздің ойымызда болуы керек. Бұл бүгінгі күндегі үлкен мәселе, Қытайға сен неге қытай тілін мектепке ендіріп жатырсың деп айта алмаймыз, ол өзінің ішкі саясаты. Бірақ есі бар ағайын ойлануы керек. Шынымды айтсам, алдағы екі-үш жылда ағайындар елге қарай көшпесе, одан кейін, он шақты жылдан кейін қалай болады, оған ешқандай бағдар да, жорамал да жасай алмаймын. Көшу де оңай емес, енді ағайын алды-артын ойлап, балаларының болашағын ойлап көшем десе, есік әрқашан ашық, Қытай да ұстап тұрған жоқ, тек адамның өзіне байланысты. Соны көбірек ағайындарға айтып жатырмыз. Қазір «Нұрлы көш» бағдарламасы негізінен соған бағытталған, шынын айтқанда бұл мемлекеттің саясаты, солтүстік, шығыс, орталық Қазақстанға қандастарымызды көбірек апарып орнықтырып, оларға жағдай жасап, қазақтың санын тепе-теңдікке келтіріп, тіпті болмаса көбейтіп, ары қарай орнықтыру. Бұл саясатты жұртшылық дұрыс түсінуі керек деп ойлаймын.

 -Сондай-ақ оларды ақпараттандыру ісі қалай жүргізіліп жатыр?

 -Ақпараттық қауіпсіздік деген болады. Мысалы Ресейдің телеарналары  жасыратыны жоқ, біздің арналарымызды жауып кетті. Бұл жағдайда біздің өкімет тиісті шаралар қолданып, бейқам отырған жоқ. Ал қытай сияқты басқа елдердегі ағайындарымызды қолдан келгенше ақпараттандырып жатырмыз. Айталық кирилицаны білмесе, оны үйрететін компьютерлік бағдарламаларды жасап жатырмыз, Қытайдан келген балалар үшін жоғары оқу орындарында дайындық бөлімдерін ашып оқытып жатырмыз. Сондай-ақ еуропалық қазақтар тілді ұмытпасын деп түрлі компьютерлік бағдарламаларды шығарып, газет, журналды жеткізіп жатқан түріміз бар.  Әрбір ауылға мұғалім жібере алмаймыз ғой, мұны ағайын дұрыс түсінуі керек. Содан кейін бүгін интернеттің дамыған заманы, компьютерлік бағдарламалар арқылы тілді үйренуіне болады. Көп жағдайда адамның өзіне де байланысты, әйтпесе олардың рухани сұраныстарын қолдан келгенше шешіп отырмыз. Әрине 100 пайыз бәрі шешілді деп айтудан аулақпын, бірақ қолдан келген көмегімізді жасап жатырмыз. Мемлекеттің көмегіменен, түрлі министрліктердің, біздің елшіліктердің және дүниежүзілік қазақтар қауымдастығының шетелдердегі бөлімшелерінің белсенділігінің арқасында бұл жұмысты жалғастыра береміз.

-Қазақстан халқы Ассамблеясының XV сессиясына қатысасыз ба?

-Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясына  әрқашан қатысып келем. Осы жолғы сессия да ойдағыдай өтетін шығар деген ойдамын. Сессияға 600-700 дей адам қатысады, міне осы келген адамдардың барлығы өз ойларын, пікірлерін толық жеткізуіне жағдай жасалса, жақсы болар еді. Менің білуімше, олар қаланы аралатады, гүл шоқтарын қояды, түстен кейін пленарлық отырыс болады, одан кейін концерттік нөмірлері болады, содан улап-шулап елге қайтады. Астанаға жылына бір рет барып жатқан адамдарға мұндай керек те шығар, бірақ жұмыс жағына да көбірек мән беру керек. Бұрынғы сессиялар сияқты дәстүрлі боп кетпесе игі. Жалпы Ассамблея көптеген мәселелерді шеше алады.

 -Баян-Өлгейге баратын қандастарымыз Ресей жерінен өткенде көптеген қиыншылықтарға тап боламыз деп жатады, соларды қалай шешуге болады?
 
-Картадан қарасақ, Баян-Өлгейден Қазақстанға дейін 180 шақырым, соның ортасында 60 шақырымдық жер Ресейге қарайды. Біздің жол Өскеменнен шекараға дейін қазір тартылып болды, енді Өлгейдегі ағайындар бері қарай жолды салу керек.  Қазақстан келіп салып береді деп қарап отырмау керек. Осы екі ортада 60 шақырымдық жер Ресейдің шекарасы, соны транзитпен өту мәселесі әлі шешілмей жатыр. Кейінгі кездесуде Ресей Президенті мен Елбасымыз осы мәселені көтерген болатын, Ресей Президентінің қолдаймын деген уәдесі бар. Егер осы мәселе шешілсе, әрине жақсы болар еді.  2000-нан аса шақырым жүргенше, 180 шақырым жүріп баруға болады. Бұл көптен айтылып келе жатқан мәселе, енді бір шешімін табатын шығар деп ойлаймын.

-Ал енді жақында Астанада бой көтерген «Қазақ елі» монументі жайында не айтар едіңіз?  

 -1996 жылы Мәдениет министрі боп жүргенімде Тәуелсіздік монументі ашылған болатын, ұйымдастыру шараларының басы-қасында өзім де болғам, сол әлі есімде. Қақаған қыс, желтоқсанның 16-сы күні қандай сезімменен ашқанымызды ұмыту қиын. Жиналған жұртшылық ескерткіштің ашылу рәсімін күннің суықтығына қарамай  тамашалаған еді,  өйткені олардың көкірегінде елге, жерге деген патриоттық сезімі болған еді. Ол тәуелсіздіктің белгісі болатын.  Ал енді «Қазақ елі» монументіне келетін болсақ,  бұл бүгінгі Қазақстанның монументі. Бұл төбесінде самұрық құсы бар, елді келешекке жетелейтін, халыққа рух беретін монумент. Адамды рухтандыратын осындай ескерткіштер, ғимараттар, монументтер бізге өте қажет деп ойлаймын.

          -Әңгімеңізге рахмет