Шеттегі қазақ отбасының ізгілігі: «Боран» фильмі прокатқа шықты
Көркем туынды өмірде болған оқиғаға негізделген – өткен ғасырдың 80-ші жылдары, кеңес заманында жас жігіт шұғыл көрші ауылға аттанады. Боранды күні адасып кеткен жас жігіт Қытай шекарасынан асып өткенін байқамай қалады. Сол сәттен бастап тағдыр тәлкегіне ұшырап, қиын сәттерді бастан кешеді. Абайсызда жасаған «қылмысы» үшін сол заманда кеңес түрмесінде кемінде 5 жыл отыруы мүмкін болса, Қытайда тіпті ату жазасы күтіп тұр еді. Оған Қытайдағы қазақ отбасы көмек қолын созады.
Сценарий авторы және продюсері Ербол Бораншының айтуынша, фильмнің мақсаты қайда жүрсе де қазақтың қаны бір екенін және ізгілікте шекара болмайтынын көрсету.
«Бұл жобаны Сәбит Құрманбеков ағамызбен бірге 2015 жылдан бастап қолға алған болатынбыз. Қытайға адасып өтіп кеткен жігітті хал үстінде жатқанда сол жақтағы қазақтың үлкен ақсақалы тауып алады да, құтқарып, осы бала үшін ерлікке барады. Өзіне де төнген қатерге қарамай, шекарадан қайта өткізіп жіберуге көмектеседі. Бұл оқиға арқылы қазақтың қайда жүрсе де елім-жерім деп соққан жүрегі бір екенін түсінуге болады. Сондай-ақ адамгершілікті, бауырмалдықты ешқандай шекара бөле алмайтындығын айтқымыз келді. Жалпы киноны түсінетін және ұлтжанды, жүрегі қазақ деп соғатын азаматтардың барлығына қызықты, әсерлі болады деп ойлаймын», - дейді Ербол Бораншы.
Белгілі сценарист ақын, драматург Ұларбек Нұрғалымұлы көркем туындының көрерменге берері көп екендігін айтады.
«Қарапайым көріністер, детальдар арқылы үлкен дүниені жеткізе білген. Үңгірде кездескен адам сүйектері арқылы қазақтың қасіретті тарихын көз алдымызға әкелсе, соңындағы ескі ағаш көпір арқылы қыл көпірдің үстінде тұрғандай қазақтың тағдырын бейнелеуі ерекше шеберлік деп білемін. Бұдан басқа да көңілге үлкен ой саларлық дүниелер жетерлік», - дейді Ұларбек Нұрғалымұлы.
Айта кетейік туынды Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Боран» студиясында түсірілген.
Кинотуынды бүгіннен бастап Қазақстанның барлық кинотеатрларында прокатқа шықты.