Шеттен келген қандастарымызға «бір терезе» қағидасымен қызмет көрсетілмек

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мемлекеттік органдардың шеттен келген қандастарымызға төлқұжат және тіркеуге қатысты көрсететін қызметтерін «бір терезе» қағидасымен автоматтандыру қажет. Бұл туралы бүгін «Отандастар» қорының вице-президенті Мағауия Сарбасов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Елге оралған қандастарымыздың кедергісіз бейімделуін жеңілдететін бірден-бір құрал - ол «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсетуді жолға қою. Қазіргі уақытта этникалық репатрианттарға қатысты тіркеу, орналастыру, әлеуметтік төлемдерді алу, бейімдеу орталықтарында тұру, ықтияр хат пен азаматтық алу мәселелерін үш мемлекеттік орган жүргізеді», - деді М.Сарбасов «Отандастар» қорының жанынан құрылған қоғамдық кеңестің бірінші отырысында.

Қор вице-президентінің дерегінше, олар: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті, Ішкі істер министрлігінің Миграция комитеті, әкімдіктерге қарасты Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы.

"Бұл жағдайда белгілі қиындықтар туады және оны төмендегі жайттар ушықтыра түседі. Бірінші - мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылының келіспеушілігі және шектен тыс бюрократиялануы. Екінші - сұралатын анықтамалардың көптігі, репатрианттарға қатысты әрекеттердің реттелмеуі және басқа да жайттар. Осы ретте бюрократиялық кедергілерді барынша қысқарту мақсатында "Отандастар" қоры мемлекеттік органдардың негізінен төлқұжат және тіркеуге қатысты көрсететін қызметтерін «бір терезе» қағидасымен автоматтандыру және оңтайландыруды ұсынды. Нәтижесінде елге келген отандастарымыз Халыққа қызмет көрсету орталықтарында аз ғана құжаттар тізімімен барып, бір жерден жауап алу мүмкіндігіне ие болады», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар