«Шеврон» компаниясы екі мектеп пен бір медициналық мекемеге балаларды емдеуге көмектесетін құрал-жабдықтарды табыстады

None
АЛМАТЫ. 29 сәуір. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда «Шеврон» компаниясы өзінің жыл сайын өткізетін қайырымдылық шарасының аясында №6 және №7 арнайы (түзету) мектеп-интернаттарына және «Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы» РМҚК-ның басшыларына құрал-жабдық алу сертификаттарын тапсырды.

Сонымен қатар аталмыш компания «Аяла» қайырымдылық қорымен бірге №6 арнайы (түзету) мектеп-интернатының аумағында әсем спорттық ойын алаңын орнатып берді, сондай-ақ осы интернатқа «Eduplay» білім беру құралын сыйлады.

«Eduplay» құралы №7 арнайы (түзету) мектеп-интернатына да табыс етілді. Бұнымен қатар, компания осы интернаттың картонды түптеу цехына 2 компьютерді сыйға тартты. Ал, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына медициналық «AxioScope A1» микроскобы мен «M5 Mindray» шағын ультрадыбысты диагностикалық жүйесі сыйға тартылды.

«Жыл сайын компания балалар үйлеріне, мектептерге, интернаттарға және балалар медициналық мекемелеріне көмек көрсетуге бағытталған кең ауқымды гуманитарлық шарасын жүзеге асырады. Бірнеше жыл ішінде «Шеврон» компаниясының қайырымдылық бағдарламаларының арқасында Алматы, Астана, Атырау қалаларындағы көптеген балалар мекемелері жиһаздарын жаңартуға мүмкіндік алды, медициналық дәрі-дәрмектерге, диагностикалық құрал-жабдықтарға, компьютерлерге, ыдыс-аяққа, жиһаздарға ие болды, ойын алаңдары жабдықталды. Бұл бастамалар жергілікті және орталық мемлекеттік билік органдарымен, қауымдастықтармен, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдармен серіктестікте жүзеге асуда»,-деді «Шеврон» компаниясының қоғаммен байланыс жөніндегі маманы Жанар Қошпанова.

Шара барысында салтанатты рәсімнің ұйымдастырушылары оқытушыларға және медицина қызметкерлеріне ерен еңбектері үшін алғыстарын айтып, сыйға тартылған құрал-жабдықтар арнайы қажеттіліктері бар балаларды емдеуге және оқытуға көмектеседі деген үміттерін білдірді.