17:37, 22 Сәуір 2009
«Шеврон» корпорациясы көпжылғы және жауапты әріптес ретінде Қазақстанмен жемісті іс-қимылға ұмтылып отыр ? Дж.Ватсон
АСТАНА. Сәуірдің 22-сі. ҚазАқпарат – Бүгін Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаев «Шеврон» корпорациясының жаңадан тағайындалған вице-төрағасы Джон Ватсонды қабылдады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Президентінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Сұхбаттасушылар Қазақстанда энергия ресурстарын игеру жөніндегі ынтымақтастықтың жай күйін және келешегін талқылады. - «Шеврон» мұнай мен газды Қазақстанда алғашқы болып игеру мәртебесіне ие болған ірі шетелдік компания ретінде ел басшылығының ерекше назарында, - деген Мемлекеттік хатшы мұнай өнімдерін өндіру мен тасымалдауды одан әрі арттыра түсумен қатар компанияның әлеуметтік жауапкершілігін де көтеру қажеттігін атап өтті. «Шеврон» Теңіз бен Қарашығанақ кеніштерінде ірі мұнай жобаларын жүзеге асырып жатқан бірлескен кәсіпорындарға қатысумен бірге, Каспий мұнай құбыры консорциумының ірі жеке акционері болып отыр. «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорны өткен жылы Теңізде мұнай өнімдерін өндіру көлемін ұлғайтуға мүмкіндік беретін жобаны кеңейтуді аяқтады. - «Шеврон» Қазақстанның және Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей өзі бізге көрсетіп отырған сенімді мақтан етеді, біз бұл жоғары сенімді ақтауға тиіспіз. Біздің болашақтағы ынтымақтастық жоспарларымыз да үлкен, біз көпжылғы және жауапты әріптес ретінде Қазақстанмен жемісті іс-қимылға ұмтылып отырмыз, - деді кездесуде Дж.Ватсон.