Шейх Хасина өлім жазасына қатысты үкімге енді шағымдана алмайды

АСТАНА. KAZINFORM — Бангладештің бұрынғы премьер-министрі Шейх Хасина өлім жазасына қатысты сот үкіміне шағымдану мүмкіндігінен айырылды. Ол заңда белгіленген 30 күн ішінде апелляция бермеген. Бұл туралы Анадолы агенттігі жазды.

Фото: Анадолы

Бұл туралы Бангладештегі Халықаралық қылмыстық трибуналдың бас прокуроры Аминул Ислам мәлімдеді.

Оның айтуынша, Шейх Хасина мен басқа да сотталғандар белгіленген 30 күндік мерзімде апелляция бермегендіктен, енді оларға үкімге шағымдану үшін қосымша уақыт берілмейді.

— Сот өлім жазасына кескен адамдар, оның ішінде Шейх Хасина да, үкім шыққаннан кейін 30 күн ішінде апелляция бермесе, бұдан былай оған шағымдана алмайды. Енді үкімді орындау ғана қалады, — деді Аминул Ислам.

Сонымен қатар прокурор Бангладеш үкіметінің жазаны тоқтатуға немесе күшін жоюға құқығы бар екенін атап өтті.

Шейх Хасина не үшін өлім жазасына кесілді?

2024 жылғы шілдеде Бангладеште мемлекеттік сектордағы жұмыс орындарына 1971 жылғы Тәуелсіздік соғысына қатысушылардың балалары үшін квота енгізу туралы шешімге байланысты студенттердің жаппай наразылығы басталды.

Наразылық күшейген кезде Шейх Хасина елден кетіп, әскери тікұшақпен Үндістанға барған. Осы уақытта шерушілер премьер-министрдің резиденциясына басып кірді.

2024 жылғы 8 тамызда Нобель сыйлығының лауреаты Мұхаммад Юнус уақытша үкіметтің басшысы ретінде ант қабылдады.

Ал Шейх Хасина 2025 жылғы қарашада сырттай өлім жазасына кесілді. Сот оны наразылықтар кезінде адамдардың қаза болуына жеке жауапты деп таныған. Бұдан бөлек, оған сыбайлас жемқорлық бойынша да бірнеше жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Бұған дейін шетелдік БАҚ-қа берген сұхбатында Шейх Хасина Бангладешке оралып, сот алдында жауап беруге дайын екенін айтқан. Ол түрмеге қамалуы немесе тіпті өлім жазасына кесілуі мүмкін екенін түсінетінін мәлімдеген.