көрнекті жазушы Оразбек Сәрсенбай Шиелі ауданы әкімінің шақыруымен туған өлкесіне арнайы келіп, жерлестерімен жүздесті. Аудандық мәдениет үйіндегі кездесу «Көркем сөздің көрнекті шебері» деп аталды. Жиынды ашқан аудан әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жазушыны туған жеріндегі оқырмандарымен бүгінгі қауышуымен шын жүректен құттықтай келе, осы кезге дейін қаламының қарымымен талай жетістікке жеткен қаламгерге алдағы шығармашылығына табыс тіледі. Сөзінің соңында ол жазушыға жеңіл көлік кілтін салтанатты түрде табыстады.
Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, «Сын» журналының бас редакторы Бақыт Сарбалаев жазушы Оразбек Сәрсенбайдың шығармашылығы жайлы баяндама жасады. Жазушының төл құрдасы, еңбек ардагері Рахым Мауяев пен ақын Мәрия Жұматова жүрекжарды тілектерін арнады. Олардан бөлек, дербес зейнеткер Батырхан Остаев, №45 Ақ Орда мектеп-гимназиясының директоры, әдебиетші Жібек Баймұратова, ақын Дәулетбек Байдрахман сөз алды. Сонымен қатар «Шымкент металл құрастыру зауытының» бас директоры, 1995- 2000 жылдары Шиелі ауданының әкімі қызметін абыроймен атқарған Жарылқасын Тұрабаев, «Шиелі ауданының құрметті азаматтары» Перден Арқабаев, Сұлтанбек Оразымбетов көп көкейіндегі ойларды жеткізді.
Оқырмандардың бірқатар сауалдарына жауап берген жазушы да ағынан жарылды. «Билік басындағылардан қашықтау жүріп, қызық мінезді адамдарды іздейтін әдетіммен өзім өскен ортамда бірде-бір ресми кездесу өткізбеген екенмін, елдің бұл құрметіне дән ризамын. Шамам келгенінше жақсы шығармаларымды өздеріңізге арнай беремін», - деді ол сөзінің соңында.