Шиеліде балаларды оңалту орталығы жұмысын бастады - Қызылорда облысы

None
ҚЫЗЫЛОРДА. 24 қаңтар. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Қызылорда облысы Шиелі кентінде «Тәуелсіздіктің 20 жылдығына - 20 әлеуметтік нысан» акциясы аясында қатарға қосылған балаларды оңалту орталығы жұмысын бастады. Ол Шиелідегі «Казатомөнеркәсіп-Демеу» жеке шаруашылық серіктестігі мен облыс әкімдігінің арасындағы ынтымақтастық келісімнің арқасында салынды.

Балалар оңалту орталығының ғимараты 50 орындық және мектеп жасына дейінгі мүмкіндігі шектеулі балаларға лайықталып жабдықталған. Ішінде арнайы дәрігерлік көмек көрсету, тіс емдеу, массаж, физиотерапиялық ем қабылдау бөлмелері бар. Арнайы педагог мамандар мен дәрігерлер кабинеттері бар және балалармен жүргізілетін коррекция сабақтарын өткізетін жеке бөлмелер қарастырылған. Санитарлық-техникалық талаптарға су тораптары кіргізілген, асханасы толық жабдықталған. Ауласында балалардың ойын алаңы орналасқан, жазғы бассейні бар. Балалармен жұмыс жүргізетін 10 тәрбиеші, 3 дефектолог, 3 логопед, 1 психолог-педагог, 1 әлеуметтік педагог, 1 балалар дәрігері және 4 медбике жұмысқа қабылданатын болады. Оңалту орталығына қабылданған әрбір мүмкіндігі шектеулі балаға жеке дамыту бағдарламасы жасалып, балалар мен олардың ата-аналарына кеңестік көмек көрсетіледі, түзету және әлеуметтік бейімдеу, физиотерапиялық емдеу жүргізіледі.