ШИЕЛІ. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Шиелі ауданында катамараннан Ханқожа көлінде суға құлап кеткен жігіт көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқыс оқиға Шиелі ауданына қарасты Бәйгеқұм елді мекені тұсындағы Ханқожа көлінде болды. Су айдынында катамаранмен жүрген 1997 жылғы жігіт көлге құлап кеткен.
«Ол жергілікті тұрғындардың күшімен жағаға шығарылды. Ауруханаға барар жолда көз жұмды. Аталған азаматтың ешқандай ішімдік ішпегені анықталды», - деп мәлім етті облыстық Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметінің баспасөз хатшысы Әлия Ережепова.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада бесінші сынып оқушысы каналға батып кеткен еді.
Оқиға Сырдария ауданы Амангелді ауылында болды. Бесінші сыныпта оқитын ер бала Жетікөл каналына батып кеткен. Ауыл тұрғындарының көмегімен баланың денесі судан шығарылды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.