Шиеліде құс фермасы іске қосылады - Қызылорда облысы

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Шиелі ауданынан 11 мың құсқа арналған құс фермасы іске қосылатын болады. Құрылыс жұмыстары аяқталған фермада бүгінде қажетті құрал-жабдықтары орнатылуда. Құс фермасы іске қосылғаннан кейін жылына 5 млн. дана жұмыртқа, 11 тонна құс еті өндіріліп, 6 адам тұрақты жұмыспен қамтылуы жоспарланып отыр. Бұл туралы аудан әкімі Қайратбек Әубәкірұлы өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мен өткізілген баспасөз мәслихатында баяндады,-деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.

Сондай-ақ, аудан да кәсіпкерлік бағытта мұнан өзге де жаңалықтар баршылық. Солардың бірі, «Асылхан» шаруа қожалығының 200 бас ірі қара малына арналған сүтті тауарлы фермасы. Бүгінде құрылыс жұмыстары толық аяқталған сүт фермасында сынақ жұмыстары жүргізілуде. Ферма толық іске қосылғаннан кейін, тәулігіне 3 тоннаға дейін сүт алынып сүт, айран, қаймақ, кілегей, сары май өнімдері шығарылатын болады.

Жалпы, қазіргі таңдағы дүниежүзілік дағдарыс жағдайына қарамастан Шиелі ауданының әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі оң көрсеткіштерге қол жеткізуде. Биылғы жылға арналған аудандық бюджет жыл басында 10 млрд. 532 млн. теңге көлемінде бекітіліп, жыл көлемінде бюджетті арттыру бағытындағы атқарылған жұмыстардың оң нәтижесінде аудандық бюджет 10 айдың қорытындысымен 15 млрд. 200 млн. теңгені құрап, 44 пайызға артқан.