Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, шығармашылық емтихандар 7 шілде мен 15 тамыз аралығында өтеді.
Ал білім гранты конкурсына қатысқысы келетін талапкерлер шығармашылық емтиханға өтінішті 7 шілдеге дейін тапсырып, емтиханды 20 шілдеге дейін аяқтауы тиіс.
Емтихандар дәстүрлі форматта, яғни офлайн режимде өткізіледі.
«Грант конкурсына қатысу үшін талапкер тек бір мамандық пен бір жоғары оқу орнын таңдай алады. Ал ақылы негізде оқуға түсу кезінде басқа жоғары оқу орнында тапсырылған шығармашылық емтихан нәтижесін пайдалануға мүмкіндік бар», – деп хабарлады Ұлттық тестілеу орталығы.
Сондай-ақ бес пән бойынша ҰБТ тапсырған талапкерлер де шығармашылық бағыттағы мамандықтарға түсе алады.
Ол үшін талапкер «Қазақстан тарихы» және «Оқу сауаттылығы» пәндері бойынша шекті балл жинап, шығармашылық емтихан тапсыруы қажет.
Құжат тапсыру кезінде талапкер бес пән нәтижесі талап етілетін мамандықты немесе шығармашылық бағытты өз қалауынша таңдай алады.
Қосымша ақпарат алу үшін талапкерлерге жоғары оқу орындарының қабылдау комиссияларына жүгіну ұсынылады.
Айта кетейік, Премьер-министр емтихан кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды.