Шығын 420 млн теңге: Кореядан арзан көлік әкелемін деп елді алдаған әйел сотталды

Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада бірнеше азаматты алдап соққан әйел адам сотталды. Ол өзін Оңтүстік Кореяда сенімді таныстары бардай көрсетіп, тиімді бағамен автокөлік әкеліп беремін деп уәде берген, деп хабарлайды қалалық прокуратураның баспасөз қызметі

Жәбірленушілер толық алдын ала төлем жасағаннан кейін, алаяқ оларды жалға беру компанияларынан уақытша алынған көліктермен алдап келгені анықталды.

Мәселен, ол бір азаматтан 4 көлік әкеліп беремін деп 14,5 млн теңге алған. Бірақ көліктер ресми тіркелмеген, ал ақша жеке мақсаттарға жұмсалған. Қылмыскер жалған әрекеттерін жасыру үшін көліктерді жалға алу ақшасын да өзі төлеп отырған.

— Жалпы алғанда, алаяқтың іс-әрекетінен 70-тен астам адам зардап шекті, келтірілген шығын көлемі 420 млн теңгеге жетті. Сотта оның жәбірленушілерге уәде еткен қызметін орындауға мүмкіндігі болмағаны, ақшаны жеке қажетіне жұмсағаны дәлелденді. Ол кінәсін толық мойындап, 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Жәбірленушілердің азаматтық талаптары сотпен толық қанағаттандырылды, — делінген хабарламада.

Астана қаласының прокуратурасы азаматтарға қызмет көрсетуге рұқсат беретін құжаттары жоқ адамдармен келісімшарт жасамауға кеңес береді.

Бұдан бұрын Таразда бірнеше рет алаяқтық жасаған шетелдік азамат елден шығарылғаны белгілі болды.