Шығыс Қазақстан аумағының 85 пайызын әлі қар алып жатыр
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында су тасқыны қаупі бар учаскелерге әуеден барлау жүргізілді.
ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңір бойынша қазіргі су тасқыны жағдайын бағалау мақсатында Үлкен-Нарын, Марқакөл, Зайсан және Тарбағатай аудандарының аумақтарына әуеден шолу жүргізілді.
- Зерттеу нәтижелері бойынша өңір аумағының шамамен 85%-ын қар жамылғысы алып жатқаны анықталды. Төменгі және оңтүстік аудандарда қар жамылғысы жоқ, қардың негізгі қоры таулы аймақтарда шоғырланған. Әуеден шолу барысында Марқакөл ауданындағы Орта-Теректі су қоймасының бөгеті тексерілді. Онда төтенше жағдайдың туындау қаупі байқалмайды, - делінген ақпаратта.
Сонымен қатар Қандысу су қоймасы тексерілді. Қазіргі уақытта су қоймасы транзиттік режимде жұмыс істеп, онда су жинақтау жүргізілмейді.
- Жалпы тексерілген аудандар бойынша су тасқыны жағдайы тұрақты. Гидробекеттердегі су деңгейі қауіпті межеден төмен. Судың өзен арналарынан асу фактілері тіркелген жоқ, - деді ШҚО ТЖД бастығының орынбасары Амангелді Енсегенов.
Еске салсақ, осыған дейін Қостанайда Ұлттық ұлан су тасқынына қарсы алдын алу шараларына жұмылдырылғаны жайлы жазғанбыз.