Шығыс Қазақстан облысы 2024 жылды «Жол жылы» деп жариялады
Шығыс Қазақстанда 2024 жыл «Жол жылы» деп жарияланады. Оның аясында жол салу мен жөндеуге бөлінетін бюджет екі есе көбейтіледі. Бұл туралы өңір басшысы Ермек Көшербаев есептік кездесуінде айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
«Халықпен кездесулерде жолдардың сапасы мәселесі жиі көтеріледі. Бұл мәселенің көтерілуі заңды, мәселе шынында да өзекті. Сондықтан біз 2024 жылды «Жолдар жылы» деп жариялауды ұйғардық. Келесі жылдан бастап облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды жөндеуді қаржыландыру 7-ден 15 млрд теңгеге дейін екі есеге ұлғайтылды. Ал елді мекендердің көшелері мен жол құрылыстарын жөндеуді ескере отырып, барлығы 28 млрд теңге бөлу жоспарлануда», - деді Е. Көшербаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Жалпы, әкімнің айтуынша, 600 шақырым жолдар мен көшелер ретке келтіріледі.
«Жол инфрақұрылымын жақсарту бойынша 5 жылдық жоспар әзірленуде. Онда жөндеуге жататын жолдар мен көшелер кезең-кезеңімен белгіленеді. Осылайша, облыс халқы жолдар мен көшелерді жөндеу көлемі мен мерзімдері туралы хабардар болып отырады», - деп түсіндірді өңір басшысы.
Осыған дейін ШҚО медициналық туризм бағытын дамытатыны туралы жаздық.