Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары тағайындалды

АСТАНА. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысы әкімінің өкімімен Дархан Бақытжанұлы Сапанов облыс әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалды.

Фото: Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі

Дархан Сапанов 1985 жылы 2 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының Ақжар ауылында дүниеге келген.

Жоғары білімді бірнеше оқу орнында алған. 2007 жылы Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетін «Өнеркәсіптік жылу энергетикасы» мамандығы бойынша инженер біліктілігімен тәмамдаған. 2009 жылы С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін «Менеджмент» мамандығы бойынша тәмамдаған. 2022 жылы Ресей Федерациясы Президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясында «Іскерлік әкімшілендіру докторы» (DBA) бағдарламасын аяқтаған.

Еңбек жолын 2007 жылы бастаған. Әр жылдары Шығыс Қазақстан облысының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы департаментінің инспекциялау бөлімінің бас маманы, «Астанаэнергосбыт» ЖШС-нің халықпен жұмыс істеу департаментінің инженері, Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің Электр энергетикасы және көмір өнеркәсібін дамыту департаментінің сарапшысы қызметтерін атқарған.

2009-2020 жылдары Қазақстан Республикасы Премьер-министрі кеңсесінде әр түрлі лауазымдарда еңбек етті. Атап айтқанда, бас сарапшы, бас консультант, сектор меңгерушісі, бас инспектор және Индустриялық-инновациялық даму бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметтерін атқарған.

2020-2023 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы болды.

2023 жылғы ақпан айынан бастап Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарып келді.

Мемлекеттік қызмет саласындағы еңбегі үшін 2018 жылы «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік медалімен марапатталған.

Еске салайық, бұған дейін Саян Мұратұлы Балқаш қаласының әкімі болып тағайындалғанын хабарлағанбыз.