Шығыс Қазақстан облысында жол жөндеу бойынша рекордтық көрсеткіш орнады

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Былтыр аймақ басшысы Ермек Көшербаев 2024 жылды «Жол жылы» деп жариялады. Биыл облыс бойынша 600 шақырым жол жөнделіп, рекордтық көрсеткіш орнатылды. 

Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

«Жолдарды жөндеуге арналған бағыттар тек экономикалық негіз бойынша емес, өңірдегі көлік жүргізушілері мен тұрғындардың қалауы бойынша таңдалды. Облыста туристік орындарға апаратын тасжолдарды жөндеуге және қайта жаңартуға ерекше көңіл бөлінді», - деді облыс әкімі Ермек Көшербаев Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде. 

Ауылдық елдімекендер де назардан тыс қалған жоқ. Биыл алғаш рет 79 шағын ауылда 120 шақырымды құрайтын орталық көшелерге кезең-кезеңімен асфальт төсеп, көшелерді жарықтандыру жоспарланып отыр. 

Осы жылы облыс аумағы арқылы өтетін республикалық маңызы бар тасжолдарға ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2024-2025 жылдар аралығында барлығы 392 шақырым жолды жөндеу жоспарланған. Аталған жобаларды іске асыру нәтижесінде республикалық маңызы бар жолдардың барлық учаскелерінің жағдайы жақсартылады. 

Сондай-ақ 2025 жылы аймақтағы ұзақ мерзімді ірі құрылыс нысандарының бірі – Өскемен – Рахман қайнары тасжолын аяқтау жоспарлануда. Бұл жол 3 ауданды байланыстырып, Қазақстанның туристік орындар қатарына жататын Катонқарағай ауданына апарады.

Жол мәселесіне келгенде Шығыс Қазақстандағы ең ірі көлік-логистикалық жобалардың бірі – Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір құрылысының аяқталуын айта кеткен жөн. Ол бірден алты ауданды байланыстырып, тұрғындардың климаттық жағдайлар мен паром өткеліне деген тәуелділігін жойды.