Шығыс Қазақстан облысындағы орташа жалақы – 305 мың теңге

Фото: Фото: Алина Төлеубаева/Kazinform

Шығыс Қазақстан облысында жалпы өңірлік өнім 4,4 трлн теңгеге жетіп, 3% өсімді көрсетті. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев айтты, деп хабарлайды Kazinform.

Ермек Көшербаев есептік кездесуін бастамас бұрын Алматы қаласындағы қайғылы хабардан қаза болғандардың туыстарына өз атынан және ШҚО халқының атынан көңіл айтты.

Әкімнің айтуынша, облыс халқы 728 мың адамға жетті, оның 244 мыңы немесе 34%-ы ауылда тұрады. Жыл қорытындысы бойынша жалпы өңірлік өнім 4,4 трлн теңгеге жетіп, 3% өсім байқалған.

«Биыл облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінде оң динамика бар. Өнеркәсіп өндірісінің қарқыны 9%-ға, ауыл шаруашылығы 5%-ға, негізгі капиталға инвестициялар 7%-ға, бөлшек тауар айналымы 8%-ға артты. Жұмыссыздық деңгейі – 4,6%, мұнда 30 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Оның 23 мыңы – тұрақты орындар. Орташа айлық жалақы 18%-ға өсіп, 305 мың теңгеге жетті», - деді Е.Көшербаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Жыл басынан бері мемлекеттік бюджетке 420 млрд теңге салық түсті. Оның ішінде республикалық бюджетке – 263,2, жергілікті бюджетке 156,3 млрд теңге бағытталған.

«Биылғы облыс бюджеті 496,4 млрд теңге болды, оның ішінде меншікті кірістер – 166,6 (34%), трансферттер мен субвенциялар – 323,2 млрд теңге (66%). Біздің аймақ субвенциялық болып саналады. Бюджет шығыстарының жартысы әлеуметтік салаға - 243,4 млрд теңге, оның ішінде білім беру – 168, денсаулық сақтау – 26,3, әлеуметтік қамсыздандыру – 27,5, мәдениет, спорт салаларына – 21,7 млрд теңге көзделген», - дейді облыс әкімі.

Сонымен бірге, айтарлықтай қаражат агроөнеркәсіптік кешенге – 36,1 млрд теңге және инфрақұрылымды дамытуға (жолдар, тұрғын үй, сумен жабдықтау, жылу) 69,2 млрд теңге (14%) бағытталмақ.