ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңір бойынша өрт қаупі жоғары кезең басталғалы бері 72 рет орман өрті тіркелген. Өрт шығуының негізгі себептері – от тұтату кезіндегі салақтық, құрғақшылық, аптап ыстық пен найзағай.
- Тілсіз жаудың алдын алу мақсатында облыста жалпы саны 288 адамнан тұратын 48 мобильді топ құрылды. Олар 890-нан астам рейд өткізді. Сондай-ақ халық арасында түсіндіру жұмыстары да ұйымдастырылып жатыр. Жағдайды бақылау үшін ұшқышсыз ұшу аппараттары белсенді қолданылып келеді. Әуеден визуалды патрульдеу өрт ошақтарын жедел анықтап, оларға бастапқы кезеңде өшіруге мүмкіндік береді, - делінген ақпаратта.
Бүгінде Самар, Марқакөл, Алтай, Күршім, Үлкен Нарын, Зайсан, Катонқарағай аудандарында және Өскемен қаласында 4-сыныпты – жоғары өрт қаупі байқалады.
Осы ретте, құтқарушылар халыққа орманда от жақпауға, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды.
Еске салсақ, осыған дейін СҚО-да екі ірі дала өрті сөндірілгені хабарланған.