Шығыс Қазақстанда 100-ге жуық адамды кене шақты

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында кенеден зардап шеккендер саны артып келеді.

Фото: Pexels

Қазіргі таңда кене шаққан 92 адам медициналық мекемеге жүгінген. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі бала саны - 38. 

Эпидемиологтардың мәліметінше, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда зардап шеккендер саны 14-ке көбейген.

- Бүгінгі таңда кене арқылы жұғатын инфекциялар анықталған жоқ. Өңірдегі медициналық ұйымдарда иммуноглобулин қоры жеткілікті. Сонымен қатар тұрғындарға табиғат аясында демалған кезде сақтық шараларын бұзбай, репелленттер қолдануды еске саламыз, - деді ШҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Сәуле Слямғазина.

Айта кету керек, өңірде кене энцефалитінің табиғи ошақтары тұрақты түрде тіркелетін аумақтар бар. Олар: Глубокое, Катонқарағай, Шемонаиха, Ұлан, Алтай, Самар аудандары мен Риддер, Өскемен қалаларының маңы.

Еске салсақ, осыған дейін Қызылорда облысында кенеге қарсы өңделетін елді мекендер саны азайғаны хабарланған