Шығыс Қазақстанда 13 учаскеде сел жүруі мүмкін

Фото: Фото: ШҚО ТЖД

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында 15 мамырдан сел жүру қаупі бар кезең басталды.

Өңір бойынша Алтай, Катонқарағай, Зайсан аудандарындағы және Риддер қаласындағы 13 учаскеде сел жүру қаупі бар. Аталған аудандардағы таулардың жоғарғы жақтарында 11 елді мекенге қауіп төндіретін 144 мореналық көл қалыптасқан. 

Фото: ШҚО ТЖД

Сел қаупі кезеңінде «Қазселденқорғау» мамандары көлдердің жай-күйін, олардың толымдылығын және сел мен көшкін ағындарын қалыптастыруға ықпал ететін факторларды бақылауда ұстайды.

- Облыста 9 учаскеде көшкін қаупі бар. Бұл негізінен автожолдарда, өзен бассейндерінде, Риддер қаласындағы Громотуха, Үбе, Алтай ауданындағы Бұқтырма, Хамир, Черновая, Катонқарағай ауданындағы Бұқтырма, Зайсан ауданындағы Кендірлік жағалық еңістер мен таулардың кесінділерінде. Қауіпсіздік мақсатында сел қаупі бар учаскелерде 20 ескерту және тыйым салу қалқаны, көшкін қаупі жоғары учаскелерде 18 қалқан орнатылды. Нысандар мен құрылыстар орналасқан сел жүруі ықтимал аймақтардағы жергілікті атқарушы органдарға, кәсіпорын басшыларына және жеке меншік иелеріне ұсынымдар берілді, - деп хабарлады ШҚО ТЖД баспасөз қызметінен.

Фото: ШҚО ТЖД

Сел, көшкін жүру қаупі жағдайына мониторинг жүргізу үшін 9 маусымдық және жыл бойы жұмыс істейтін 1 гидробекет орнатылған.

Еске салсақ, бұған дейін ТЖМ мамандары терек мамығының қауіпті екенін ескерткені хабарланған.