Шығыс Қазақстанда 15 адам кене энцефалитін жұқтырды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында кене энцефалитін жұқтырудың 15 фактісі тіркелді.

Фото: pixabay

ШҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметіне сүйенсек, қазан айының ортасындағы жағдай бойынша өңірдің эндемиялық аумақтарында кене шаққан 4479 адам медициналық көмекке жүгінген. 

Олардың 1336-сы (29,8%) — 14 жасқа дейінгі балалар. Былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда медициналық көмекке жүгінгендер саны 547 адамға азайған.

— Кене шаққаннан кейін медициналық көмекке жүгінгендердің 94 пайызына серопрофилактика жүргізілді. Қалған 6 пайызы бірнеше себептерге байланысты серопрофилактикадан өтпеді. Атап айтқанда, бұған кене эндемиялық емес аумақта шаққаны, адамның медициналық көмекке кеш жүгінгені, иммуноглобулин енгізуден бас тартқаны, иммуноглобулин бұған дейін енгізілгені, кенені зерттеу нәтижесі теріс болғаны немесе адамның вакцина алмағаны себеп болды, — деді департамент басшысының орынбасары Сәуле Слямғазина.

Оның айтуынша, облыста кене энцефалитін жұқтырудың 15 расталған фактісі тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда төрт жағдайға аз.

Еске салсақ, осыған дейін Жамбыл облысында ЖРВИ-мен ауырғандардың 60%-ы — балалар екендігі хабарланған.