Шығыс Қазақстанда 15 жастағы қыз бүркіт баптап, тазы асырайды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстанда қыран баптап, жүйрігін жарысқа қосып жүрген 15 жастағы қыз бар. Kazinform тілшісі Ұлан ауданы Бозанбай ауылында тұратын бүркітші Айзере Марксқызымен сұхбат құрды.
— Құсбегілікке қызығушылығыңыз қашан басталды?
— Құсбегілікке сегіз жасымнан бастап қызықтым. Әкем қыранды баптағанда қасына ертіп жүретін. Сол кезден бері бұл өнер жүрегіме жақын. Әкем де, атам да, нағашы атам да құс ұстаған. Әкем өзі Моңғолияда 14 жасында алғаш қыран көтерген екен. Сондықтан құсбегілік — ата-бабамыздан келе жатқан асыл өнер.
— Ал алғашқы баптаған құсыңыз қандай еді?
— Ең алғаш ұлттық спорт түрінен жарысқа қатысуға ниет білдіргенде, әкем өзінің мұзбалағын баптауды, онымен тіл табысуды үйретті. Құсбегілер сайысына небәрі екі-үш күн жаттықтым. Бірақ сол аз күннің өзінде құс менің дауысымды танып, жарыс үстінде қолыма ұшып келгені ерекше сезім сыйлады. Сол сәт мені бұл өнерге біржола байлап тастады. Құстың елгезектігі мені таң қалдырды.
— Қазір өзіңіз неше құс баптап жүрсіз?
— Қазір Ақиық, Чемпион, Қандыкөз атты бүркіттерді баптап жүрмін. Қандыкөзбен сайысқа түсіп ШҚО чемпионатында жүлделі орын алдым. Балапан кезінен өз қолыма үйреткен басқа да құстарым бар.
— Тек қыран ғана емес, тазы да ұстайды екенсіз.
— Иә, мен тазы асырағанды да жақсы көремін. Біздің тазыларымыздың аты Жоламан, Көксерек, Көкжал, Базаралы, Көкқұтан. 2024 жылы Базаралы атты тазымды жарысқа қостым. Иттердің жүйріктігі, иесіне адалдығы ұнайды. Аңға шыққанда олардың шапшаңдығы ерекше әсер қалдырады.
— Тазыларды баптаудың қандай қыр-сыры бар?
— Ең бастысы тазыларды аш қалдырмау керек. Аш болса, бір-бірін талап тастауы мүмкін. Тазыны күту, күйін кетірмей асырау өте маңызды. Олардың салмағы 7-10 келі аралығында болғаны жақсы. Күшік кезінен айтқанымды тыңдатып, өзімнің досым сияқты өсіремін.
— Ал бүркітті қалай баптайсыздар?
— Бүркіттің бабын келтіру өте нәзік жұмыс. Қыранның күтіміне жеңіл-желпі қарауға болмайды. Бүркіттің азығы таза, балғын болуы керек. Қыста салмағы 4-5 келі болуы тиіс, жазда тамақтану көбейгенде 7-8 келіге жетеді. Жарыс алдында қарнын аздап аш ұстау қажет. Көктем соңынан күзге дейін түлекке отырғызамыз. Бүркіттің сынған қауырсындары түсіп, күйі көтеріледі. Бұл уақытта қыран құс аңшылыққа шықпайды. Себебі күзге дейін қанатын қатайтып, қалыңдатып бабына келуі керек.
— Аңға жиі шығасыздар ма?
— Иә, қансонарда шығып тұрамыз. Былтыр бір түлкі алдық. Саятшылықта қыранның да, тазының да орны бөлек. Қансонарда аттың жалынын тартып мініп, қолыма қыран көтеріп, табиғат аясында жүру адамның рухын көтеріп, кеңінен ойлануға мүмкіндік береді.
— Биыл өткен «Шығыс салбурыны» ұлттық фестивалінде этноауыл құруды жоспарлапсыздар, бұл қаншалықты жүзеге асты?
— Иә, Бозанбайда этноауыл құру жоспарымыз орындалып келеді. Осы жолғы фестивальде ауылымыздың ішінде құрдық. Бұл ұлттық өнерді, соның ішінде құсбегілікті насихаттау мақсатында жасалып жатқан шара. Ұлттық мұрамызды қолжетімді өнер ету біздің арманымыз еді.
— Отбасында неше ағайындысыздар?
— Отбасымызда 7 баламыз. Үш қыз, төрт ұл. Мен ортаншысымын. Отбасымызда бәріміз атқа мінгенді жақсы көреміз.
— Алға қойған мақсатыңыз қандай?
— Болашақта туризм саласына оқуға түсіп, ұлттық өнерімізді дәріптейтін үлкен орталық ашқым келеді. Шығыста құсбегілікті дамытатын кәсіби этно-кешен, мектеп, туристік бағыт ашу — басты арманым. Сонымен қатар ата-анамның үмітін ақтап, жақсы оқу орнына грантқа түссем деймін.
— Құсбегілік өнер сіздің бойыңызға қандай қасиеттерді сіңірді?
— Бұл өнер мені тектілікке, сабырға, жауапкершілікке тәрбиеледі. Қыран адамды шынайылыққа баулыса, тазы адалдыққа, тазалыққа үйретеді. Мен үшін ұлттық өнер жай ғана хобби емес, өмірімнің бір бөлшегі.
Еске салсақ, осыған дейін қазақстандық бүркітшілер Моңғолияда жүлде алғаны хабарланған.