Шығыс Қазақстанда 360 адамды кене шақты
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында кенеден зардап шеккендер саны күн санап көбейіп барады.
Биыл өңірде кенелер ерте шықты. Наурыз айының соңынан бері кене шаққан 360 адам медициналық көмекке жүгінген. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалардың үлесі 31% болып отыр.
- Аурудың алдын алу мақсатында кене энцефалитіне қарсы иммуноглобулинді зардап шеккен 92% адам алды. Қалған 8% (30 адам) медициналық көмекке кеш жүгіну, өз еркімен бас тарту және эндемиялық аумаққа жатпайтын елді мекенде кене шағуына байланысты серопрофилактикамен қамтылмаған, - деп хабарлады ШҚО Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен.
Облыс аумағында кененің жұқпалы ауруларымен ауырған науқастар тіркелген жоқ.
Қазір эндемиялық аумақтардың медициналық ұйымдарында кене шағудан зардап шеккен адамдарға аурудың алдын алу мақсатында қолданылатын кене энцефалитіне қарсы иммуноглобулин қоры жеткілікті.
Еске салсақ, осыған дейін Өскеменде бір күннің өзінде 14 баланы кене шаққаны жайлы хабарланған.