Шығыс Қазақстанда 50-ден астам ауылды су басу қаупі бар

Фото: Ауыл тұрғындарынан

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында су тасқынына дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бұл туралы бүгін баспасөз конференциясында облыстық ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы Арман Наурызбаев мәлім етті.

- Шығыс Қазақстандағы 71 елді мекенде су тасқыны қаупі бар екені анықталды. Жол карталары, инженерлік жұмыстар және басқа да бағдарламалар аясында жүргізілген су тасқынына қарсы іс-шаралардан соң 16 елді мекенде қауіп толықтай жойылды. Бүгінде 50 ауылда тәуекел барынша төмендетілді, ал 5 елді мекенде қауіп сақталып отыр, - деді ол.

Су тасқыны жағдайы күрделене түссе, 3146 адам, 556 техника, 75 жүзу құралы және 234 мотопомпа әзірленген. Адамдар мен құралдарды жедел жеткізу және зардап шеккен халықты шұғыл эвакуациялау үшін ҚР ТЖМ «Қазавиақұтқару» АҚ-ның тікұшағы дайын тұр.

- Төтенше жағдай туындаған кезде халықты орналастыру үшін жалпы сыйымдылығы 21 мыңнан астам адам болатын 182 пункт дайындалды. Халықты қажет кезде құлақтандыру 48 сиреналық құрылғы, SMS-хабарлама тарату, телерадио хабарларын үзу арқылы және «Darmen» мобильді қосымшасы арқылы жүргізіледі, - деді Арман Наурызбаев.

Еске салсақ, осыған дейін мұз астына түсіп кеткен адамды құтқарған азамат марапатталғаны жайлы хабарлаған болатынбыз.