Шығыс Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, полицияға өңірдің 25 тұрғыны жүгінген. Олардың барлығы баспананы тиімді бағамен сатып аламыз деп алданып қалған.
Алаяқтық схема 2024 жылғы қарашадан 2026 жылғы сәуірге дейін жүзеге асқан. Ер адам тұрғындарға мемлекеттік бағдарлама арқылы үй алуға көмектесетініне сендіріп, құжаттарды рәсімдеу мәселелерін өзі шешіп беруге уәде берген.
Ақшаны жәбірленушілер оған қолма-қол да, банк шоттарына аудару арқылы да берген. Алайда алғашқы төлеммен шығындар бітпеді. Кейін пәтерді тіркеу, құжаттарды рәсімдеу және басқа да рәсімдер үшін қосымша ақша талап етілген. Болашақ баспана иелерінің күмәнін сейілту үшін күдікті нақты пәтерді де пайдаланған. Алайда ол тұрғын үй ер адамның өзіне тиесілі болмаған.
— Сенімге кіру үшін ол пәтер жалдап, оны жәбірленушілерге болашақ баспанасы ретінде көрсеткен. Адамдар көп ұзамай пәтердің кілтін алады деген үмітпен ақша беруді жалғастырған. Осылайша Шығыс Қазақстан облысының 25 тұрғыны зардап шекті. Келтірілген жалпы шығын көлемі 186 млн 445 мың теңге болды, — делінген ақпаратта.
Жәбірленушілер ақырында пәтердің кілтін де, тиісті құжаттарды да ала алмаған. Күдікті ұсталып, полицияға жеткізілді. Қазір ол уақытша ұстау изоляторында қамауда отыр. Ер адам жауап алу кезінде кінәсін мойындады.
Еске салсақ, осыған дейін алаяқтар 4 күнде 150 мың SMS таратып, азаматтардың ақшасы мен жеке дерегін иемденбек болғанын хабарланғанбыз.