Шығыс Қазақстанда астық бағасы көтерілді, енді ұн қымбаттай ма

Шығыс Қазақстан облысында астық бағасы көтерілді, енді ұн қымбаттауы мүмкін деген болжам бар, деп хабарлайды Kazinform. 

Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

ШҚО Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, өңірдегі қуаңшылықтың салдарынан қазан айында астықтың бір келісі 120-130 теңгеге дейін көтерілген. Тамыз айында астықтың келісі 90 теңгеден сатылған еді.

Енді бұдан ұн бағасы да қымбаттайды деген болжам бар. Ал ұн бағасы өссе, сәйкесінше нан да қымбаттай түсуі мүмкін.

«Бірақ дәл айту мүмкін емес. Бағаның нақты өсетіні немесе өспейтіні егін жинау науқаны аяқталғаннан кейін ғана белгілі болмақ», - делінген ақпаратта.

Дегенмен облыста алдын алу шаралары қолға алынып отыр. Мәселен, әлеуметтік нан бағасын тұрақтандыру мақсатында өңір әкімдігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен және «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ-мен 2,5 мың тонна көлемінде арзандатылған астық жеткізу туралы үшжақты меморандумға қол қойды.