Шығыс Қазақстанда аурухана мен перзентхана құрылысына 105,7 млрд теңге бөлінді

АСТАНА. KAZINFORM- Шығыс Қазақстан облысының Өскемен қаласында жаңа көпбейінді аурухана салу, Ана мен бала орталығының перзентханасын реконструкциялау және жол инфрақұрылымын дамыту жобаларына 105,7 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.

Фото: Үкімет

Бұл жұмыстар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Құрылтайдың бірінші сессиясында берген тапсырмаларын орындау аясында жүзеге асырылып жатыр.

Денсаулық сақтау саласындағы негізгі жобалардың бірі – Өскеменнің 19-шағын ауданында салынып жатқан 300 орындық көпбейінді аурухана. Аумағы 42,5 мың шаршы метр болатын жаңа медициналық мекеме қолданыстағы облыстық аурухананың мүмкіндіктерін алмастырады. Жобаны жүзеге асыруға жергілікті бюджетті қолдау мақсатында мемлекет қосымша 33,3 млрд теңге бөлді.

Фото: Үкімет

Қазір медициналық жабдықтарды сатып алу аяқталған. Нысанда бетон құю, топырақ қазу және аумақты тегістеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыс жұмыстарының жалпы дайындық деңгейі 28%-ды құрайды. Аурухананы 2027 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Медициналық мекеме бес мамандандырылған блок пен екі өтпелі галереядан тұрады. Мұнда хирургия, травматология, кардиология, нейрохирургия бөлімшелері, инсульт орталығы және басқа да бөлімдер орналасады. Аурухана жылына 13,6 мың пациентке қызмет көрсетуге есептелген.

Сонымен қатар Өскемендегі Ана мен бала орталығының стационар ғимаратын перзентхана ретінде реконструкциялау жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл мақсатқа 2026 жылы қосымша 2,4 млрд теңге бөлінді. Жоба аясында ғимарат пен инженерлік желілерді жаңарту, сондай-ақ нысанды заманауи технологиялық жабдықтармен жарақтандыру көзделген.

Фото: Үкімет

Жалпы ауданы 12,2 мың шаршы метр болатын ғимараттың дайындық деңгейі 90%-ға жетті. Перзентхананы 2026 жылдың төртінші тоқсанында пайдалануға беру жоспарланған. Нысан іске қосылғаннан кейін күрделі патологияларды емдеуге жұмсалатын шығындарды азайтып, акушерлік көмектің сапасын едәуір жақсартуға мүмкіндік туады.

Шығыс Қазақстан облысында жыл сайын орта есеппен 5 300 бала дүниеге келеді. Реконструкция аяқталғаннан кейін перзентхана жылына қосымша 2 мыңға дейін әйелді босандыруға қабылдай алады.

Бұдан бөлек, Өскеменде Ертіс өзеніндегі көпірден Серікбаев көшесіне өтетін жолды ашу, сондай-ақ Сәтбаев даңғылы мен Жібек жолы көшесінің қиылысындағы жол айрығын қайта жаңғырту жобалары жүзеге асырылып жатыр.

Осыған дейін Қазақстанда құрылыс қарқыны артып, 9 айда 7,8 трлн теңгенің жұмысы орындалғаны туралы жаздық.