«Қазгидромет» РМК мәліметінше, осы жылғы жаз Шығыс Қазақстанда соңғы 85 жылдағы ең ыстық болды. Ауа температурасының шамадан тыс жоғарылауы мен құрғақ найзағайлардың салдарынан орман өрті саны төрт есеге жуық өсіп, 15-тен 56 жағдайға дейін жетті. Ал өрт шарпыған жалпы аумақ 2,6 есе ұлғайды.
Орман өрттерінің шамамен 80 пайызы биік таулы және жартасты жерлерде найзағай түсуінен болған. Осындай аумақтарға өрт сөндіру көліктері мен ауыр техниканың жетуі қиын. Сондықтан өрт ошақтарын анықтау және су шашу жұмыстарына Ми-8 тікұшақтары жұмылдырылады.
ШҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, «Қазавиақұтқару» әуе кемелерінің ұшу уақытының негізгі бөлігі республикалық бюджет есебінен қаржыландырылады. Ал өрт қаупі жоғары кезеңдерде орман өрттерін сөндіруге облыстық авиациялық бөлімше де тартылады.
– Биыл облыстық авиациялық бөлімшенің тартылуымен онға жуық орман өрті сөндірілді. Жалпы, жыл ішінде біздің жедел жасаққа облыстық бюджеттен 134 ұшу сағаты бөлінді. Келесі жылға өз бюджетімізден шамамен 100 сағат қарастыруды жоспарлап отырмыз. Ал республикалық конкурс әлі алда, – дейді басқарма басшысы Мұрат Құсайынов.
Еске салсақ, осыған дейін СҚО-да орманда от жаққандарға биыл 1,4 млн теңге айыппұл салынғаны хабарланған.