Шығыс Қазақстанда бір топ әже әндете келіп дауыс берді

Фото: Ұлан ауданы әкімдігінен

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысындағы Ұлан ауданының әжелер кеңесі ұлттық дәстүрді ұлықтап, ел болашағына бейжай қарамайтын азаматтық ұстанымдарын көрсетті. 

Ақ жаулықтарын тағып, ұлттық киім, кимешектерін киген әжелер бір уақытта әндете келіп, дауыс берді.

Сондай-ақ Зайсан ауданы Дайыр ауылдық округінің № 600 референдум учаскесіндегі маңызды саяси науқан ерекше мерекелік сипатта өтіп жатыр.

Дайыр ауылының ең қарт тұрғын, 104 жасқа келген Милания Павловнаның құрметіне құрылған «Ғасыр әже» халықтық ән-би ансамблінің мүшелері келіп, өз таңдауларын жасады.

Ансамбль құрамындағы әжелердің үлкені 85 жаста болса, ең жасы 75-те. Ақ жаулықты аналар сайлау учаскесіне ұлттық нақыштағы киімдерімен келіп, шашу шашып, жиналғандарға ыстық бауырсақ таратты. Сонымен қатар апалар өз қолдарынан шыққан бірегей қолөнер бұйымдарын жұртшылық назарына ұсынды.

— Бүгінгі таңдауымыз — болашақ ұрпақтың бақытты өмірі мен еліміздің тұрақтылығы үшін жасалған маңызды қадам, — деді ақ жаулықты аналар.

Айта кетейік, облыста барлығы 533 сайлау учаскесі құрылған. Оның 501-і тіркеу орны бойынша, ал 32-сі уақытша болатын орындарда орналасқан. Учаскелердің 129-ы немесе 24,2 пайызы Өскемен қаласында.

Еске салсақ, бұған дейін Маңғыстау тұрғындары референдумға ұлттық киіммен келу челленджін бастағаны хабарланған