Ақ жаулықтарын тағып, ұлттық киім, кимешектерін киген әжелер бір уақытта әндете келіп, дауыс берді.
Сондай-ақ Зайсан ауданы Дайыр ауылдық округінің № 600 референдум учаскесіндегі маңызды саяси науқан ерекше мерекелік сипатта өтіп жатыр.
Дайыр ауылының ең қарт тұрғын, 104 жасқа келген Милания Павловнаның құрметіне құрылған «Ғасыр әже» халықтық ән-би ансамблінің мүшелері келіп, өз таңдауларын жасады.
Ансамбль құрамындағы әжелердің үлкені 85 жаста болса, ең жасы 75-те. Ақ жаулықты аналар сайлау учаскесіне ұлттық нақыштағы киімдерімен келіп, шашу шашып, жиналғандарға ыстық бауырсақ таратты. Сонымен қатар апалар өз қолдарынан шыққан бірегей қолөнер бұйымдарын жұртшылық назарына ұсынды.
— Бүгінгі таңдауымыз — болашақ ұрпақтың бақытты өмірі мен еліміздің тұрақтылығы үшін жасалған маңызды қадам, — деді ақ жаулықты аналар.
Айта кетейік, облыста барлығы 533 сайлау учаскесі құрылған. Оның 501-і тіркеу орны бойынша, ал 32-сі уақытша болатын орындарда орналасқан. Учаскелердің 129-ы немесе 24,2 пайызы Өскемен қаласында.
Еске салсақ, бұған дейін Маңғыстау тұрғындары референдумға ұлттық киіммен келу челленджін бастағаны хабарланған.