Шығыс Қазақстанда қар көшкіні қаупіне байланысты жол жабылды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында қар көшкіні қаупіне байланысты жолдардың бірінде көлік қозғалысына тыйым салынды.
ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Катонқарағай ауданындағы жергілікті маңызы бар «Согорное-Барлық» тасжолының 1-25 шақырымында автокөліктің барлық түрі үшін қозғалыс жабылды.
– Аталған учаскеде қар көшкіні жүру қаупі туындап отыр. Сондықтан көлік жүргізушілерінен өз бағыттарын алдын ала жоспарлап алуды сұраймыз, - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Бұл жол 22 ақпан сағат 08.00-ге дейін жабық болады.
Осы ретте, құтқарушылар өңір жұртшылығына алыс сапарға шығар алдында жолдардың жай-күйін «Дәрмен» мобильдік қосымшасы арқылы тексеріп отыруға кеңес берді.
Еске салсақ, осыған дейін ауа райының бұзылуына байланысты Атырау және Ақтөбе облыстарында жол жабылатыны жайлы жазғанбыз.