Шығыс Қазақстанда көктемде 600-ден астам азамат әскерге аттанады

Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында 1 наурызда басталатын кезекті мерзімді әскери қызметке шақыру науқанына дайындық жүргізіліп жатыр. 

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-конференциясында ШҚО қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары Жәнібек Сапаров мәлімдеді.

– Әскерге шақырылатын азаматтарды хабардар ету олардың тұрғылықты мекенжайына немесе жұмыс орнына жолданатын жеке шақырту қағазы, 1414 нөмірінен жіберілетін SMS-хабарламалар арқылы жүзеге асырылады. Биыл өңір бойынша 600-ден астам жігіт әскер қатарына қосылады деп жоспарланған, - дейді ол.

Әскерге шақыруды кейінге қалдыру немесе одан босату қызметтері электронды форматта ұсынылады. Бұл қызметтер жергілікті атқарушы органдар арқылы тегін көрсетіледі. 

Департамент мамандары тұрғындарды әскери қызметтен босату немесе кейінге қалдыру мәселесін «ақша арқылы шешіп беруге» уәде ететін алаяқтарға сенбеуге шақырды. 

– Сонымен қатар әскери білім алуға ниетті жастар үшін мүмкіндік мол. Қазақстанның әскери жоғары оқу орындарына түсу үшін үміткерлер 30 сәуірге дейін онлайн немесе әскери комиссариат арқылы өтініш беруі тиіс. Үміткерлер ҰБТ-дан кемінде 50 балл жинап, медициналық тексеруден, психологиялық іріктеуден және дене дайындығы сынағынан өтеді. 2026 жылдан бастап құжаттарды онлайн тапсыру толық енгізілді, - дейді Жәнібек Сапаров. 

Еске салсақ, бұған дейін Ұлттық ұлан әскери қызметкері халықаралық дрон-жарысында жүлдеге ие болғаны хабарланған.