Шығыс Қазақстанда қос азаматтықпен жүрген 48 адам анықталды

Фото: Фото: pasporta.org

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері тәртіп сақшылары қос азаматтықпен жүрген 48 азаматты анықтады. Оның 9-ы сот шешімі бойынша ел аумағынан шығарылды.

Өңір полицейлері қос азаматтығы бар адамдарды анықтап жатыр. Мәселен Өскемен қаласының 59 жастағы тұрғыны 2021 жылдың мамыр айында көрші мемлекеттің азаматтығын алғаны белгілі болды. Бірақ бұл туралы заңда белгіленген мерзімде құқық қорғау органдарына хабарламаған. 

«Шетелдіктің жеке куәлігі мен Қазақстан Республикасы азаматының төлқұжаты тәркіленді. Қазіргі уақытта ол Қазақстан азаматтығынан айырылды. Заңды бұзғаны үшін ер адам 200 АЕК көлемінде айыппұл төледі», - дейді ШҚО ПД Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Ринат Шкибаев.

Еске сала кетейік, бұған дейін Түркістанда қос азаматтығы бар америкалық ерлі-зайыптыға айыппұл салынғанын жазған едік.