Жоба аясындағы өзара түсіністік туралы меморандум Қазақстан Президентінің Корея Республикасына мемлекеттік сапары барысында Энергетика министрлігі, Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі және YPP Corporation арасында жасалды.
Құжат сутегі энергетикасы мен жаңартылатын энергия көздері саласындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Тараптар талдамалық және зерттеу жұмыстарын жүргізу, тәжірибе және сараптамалық білім алмасу, сондай-ақ перспективалы бағыттарды бірлесіп пысықтауды көздеп отыр.
Меморандум аясында жалпы қуаты шамамен 1 ГВт болатын жаңартылатын энергия көздері нысандарын қамтитын энергетикалық кешен құру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Онда жылына 55 мың тоннаға дейін «жасыл» сутегі немесе 310 мың тоннаға дейін «жасыл» аммиак өндіру көзделген.
Жобаны жүзеге асырудың орындылығы расталған жағдайда, оның алдын ала құны шамамен 2 млрд АҚШ долларын құрайды.
– Құжатқа қол қою тараптардың жаңартылатын және сутегі энергетикасы саласындағы Қазақстан-Корея ынтымақтастығын одан әрі жалғастыруға және осы бағыттағы перспективалы жобалар мен бастамаларды бірлесіп пысықтау үшін жағдай жасауға ниетті екенін көрсетеді, – делінген ақпаратта.
«Жасыл» сутегі металлургияда, химия өнеркәсібінде, энергетика мен көлік саласында төмен көміртекті отын және шикізат ретінде қолданылады. Ал «жасыл» аммиак негізінен тыңайтқыш өндірісі мен химия өнеркәсібінде пайдаланылады. Сондай-ақ ол халықаралық нарыққа жеткізуге қолайлы төмен көміртекті энергия тасымалдаушы ретінде қарастырылады.
Қазақстан жаңартылатын энергетиканы дамытуға басымдық беріп отыр. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында алдағы бес жылда шетелдік инвесторлардың қатысуымен жалпы қуаты 6,3 ГВт болатын «жасыл» энергетика нысандарын іске қосу жоспарланғанын айтқан.
Айта кетейік, елімізде жасыл энергетиканы дамыту тұжырымдамасы әзірленіп жатыр.