ШҚО-да күріш пен жұмыртқа бағасының өзгеруіне не себеп

Фото: Фото: Kazinform

Шығыс Қазақстан облысында күріш пен жұмыртқаның бағасы өсті, деп хабарлайды Kazinform.

ШҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының сауда саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру бөлімінің бас маманы Жадыра Ерланова өңірде жұмыртқа мен күріш бағасының не себепті қымбаттағанын түсіндіріп берді.

«Мемлекет тарапынан құс фабрикаларына дотацияның болмауы, коммуналдық қызмет, жанармай, жемшөп және дәруменді қоспалар бағалардың өсуі тауық жұмыртқасы бағасының көтерілуіне себеп болса, күріштың қымбаттауы Қызылорда облысы өндірушілерінің көтерме бағаны өсіруіне байланысты болды», - деді ол.

Облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында «айналым схемасын» іске асыру жалғасуда. Бюджеттен 4,2 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінген. Апта сайын ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері ұйымдастырылуда. Жыл басынан бері 447 жәрмеңке өткізіліп, 1,7 млрд теңгенің өнімі сатылды.

Жадыра Ерланованың айтуынша, жеміс-көкөніс өнімдерін арзан бағада сату үшін 24 сауда павильоны және өнімді өткізу туралы меморандум жасасқан 34 сауда нүктесі жұмыс істеп тұр.