Шығыс Қазақстанда монополистерден 4 млн теңгеден астам қаражат тәркіленді

Фото: Фото: freepik.com

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында монополистердің әрекетіне бақылау күшейтілді.

Өткен жылдың басынан 2025 жылдың бірінші тоқсанына дейінгі аралықта облыс көлеміндегі 16 кәсіпорын әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оларға салынған айыппұлдың жалпы көлемі — 7,7 млн теңге. 

Қосымша 4,1 млн теңге көлеміндегі монополиялық кіріс тәркіленді. Бұл туралы ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі ШҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары Ренат Нәбиев мәлім етті.

— Осы уақыт аралығында департамент мамандары монополияға қарсы 8 тергеу жүргізіп, төрт әкімшілік іс қозғады. Бұдан бөлек, жұмсақ реттеу саясаты аясында 13 хабарлама мен екі ескерту берілді. Соның бірі — көмір бағасының өсуіне қатысты болды, — деді ол.

Қоғамға тікелей әсер ететін салаларға ерекше назар аударылып отыр. Басым бағыттар қатарында — сұйытылған газ, азық-түлік, интернет, жанармай және білім беру қызметтері нарығы бар. Жеткізушілермен жүйелі жұмыс жүргізу үшін 39 монополияға қарсы комплаенс келісім жасалған.

— Бизнестің дамуына кедергі келтіретін тосқауылдарды жою жұмыстары департамент жанындағы арнайы кеңес арқылы жүзеге асырылып жатыр. Кеңес құрамына негізінен жекеменшік компания өкілдері кіреді. Былтырғы жылдан бері 24 отырыс өтті, — дейді Ренат Нәбиев.

Сонымен қатар бірқатар мемлекеттік және коммуналдық кәсіпорындардың монополияға қарсы органмен келіспей әрекет еткені анықталған. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларға, әкімдіктер мен коммуналдық қызметтерге нұсқамалар жолданды. Барлық ескерту белгіленген мерзімде орындалды.

Еске салсақ, осыған дейін БҚО-да монополияға қарсы заңнаманы бұзғаны үшін «Aqjaiyq» ӘКК-ға айыппұл салынғаны хабарланған.