Шығыс Қазақстанда пневмонияға шалдыққандар саны 2 жарым есеге артып кетті

Фото: Фото: freepik.com

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында биыл пневмонияға шалдыққандар саны 2 жарым есеге артып кетті.

ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңірде биыл 2526 адамға пневмония диагнозы қойылған.

Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар – 787, 15-17 жас аралығындағы жасөспірімдер – 86, ересектер – 1653.

«Өткен жылғы сәйкес кезеңде пневмонияға шалдыққандар саны 1023 адамды құраған. Демек, биыл науқастар саны 2 жарым есеге артып отыр. Ауырғандар санының көбеюі ерте диагностика көрсеткіштерінің жақсаруына байланысты», - делінген ақпаратта.

Ведомство өкілдерінің хабарлауынша, биыл облыс бойынша коронавирус инфекциясын жұқтырғандар тіркелмеген.

Осыған дейін Түркістан облысында ЖРВИ жұқтырғандар саны 43,6 пайызға жеткенін жаздық.