Биыл сәуір айында Күршім ауданының прокуратурасы ШҚО бойынша ҰҚКД және Күршім орман шаруашылығының қызметкерлерімен бірлесіп, Маралды ауылдық округінің «Көлшілік» учаскесінде рейдтік іс-шаралар жүргізу барысында заңсыз алтын өндіру фактісін анықтады.
Пайдалы қазбаларды өндіру ауыр мамандандырылған техника мен спутниктік байланыс құралдарын қолдану арқылы жүзеге асырылғаны белгілі болды.
— Қылмыс үстінде 4 адам ұсталды, оның ішінде мемлекетіміздің шығысында заңсыз жүрген Өзбекстан Республикасының азаматы да бар. Шынжыр табанды экскаватор, автокөлік, мотоцикл, қымбат тұратын металл іздегіштер, қол құралдары және өзге де жабдықтар тәркіленді. Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 295-1-бабымен қылмыстық іс қозғалды, — делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайларын анықтауға бағытталған жедел-тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр.
Бұдан бұрын Түркістан облысында заңсыз алтын өндірген топ ұсталғанын жазғанбыз.