Шығыс Қазақстанда жарылып кеткен жүк көлігіне қатысты тергеу аяқталды

Фото: Фото: Оқиға куәгерлерінен

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында жолда келе жатып жарылып кеткен жүк көлігіне қатысты тергеу мәресіне жетті.

Өткен жылдың қараша айында Өскемен-Самар тасжолында жүк көлігіндегі жарылыстан екі адам көз жұмған еді. Қазақстанда жарылыстың себебін анықтауға қабілетті сарапшы табылмағандықтан, шетелдік мамандарды тартуға тура келген. Бұл туралы Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті ШҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары Қайрат Әбілқайыров мәлім етті.

— Сараптама жүргізу үшін Мәскеуден арнайы мамандар келді. Сол комиссияның мәліметінше, қайғылы жағдай көлік шанағындағы жылытқыштың қосылғанынан болған. Бұл жылыту жүйесі сусымалы жүктер қыста қатып қалмас үшін қолданылған, — дейді ол.

Алайда бұл жарылысқа әкеліп соқты. Себебі шанақ ішіндегі температура 300 градусқа дейін жетті. Ал жарылыс қаупі 290 градуста туындайды. Тергеу материалдары полицияға жіберілді.

Еске салсақ, осыған дейін Алматыда көлік аударылып, 1 адам мерт болғаны хабарланған.