Шығыс Қазақстанда жол апатынан екі адам көз жұмды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында екі көлік соқтығысып, 2 адам көз жұмды. 

Фото: видеодан алынған скрин

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жол-көлік оқиғасы 24 сәуірде «Өскемен-Шемонаиха» тасжолының Глубокое ауданындағы Березовка ауылының маңындағы учаскесінде болған. 

– «Mazda» және «JAC» автокөліктері соқтығысты. Соның салдарынан «Mazda» жүргізушісі мен жолаушысы сол жерде қаза болды. Ал «JAC» жүргізушісі ауруханаға жатқызылды, - деп хабарлады ведомство өкілдері. 

Қазіргі уақытта тәртіп сақшылары оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тиісті тергеу шараларын жүргізіп жатыр. Қылмыстық іс қозғалып, бірқатар сараптама тағайындалған.

Еске салсақ, осыған дейін Оралда автокөлік өртеніп, 16 жастағы жасөспірім күйік жарақатын алғаны хабарланған.