ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өңір бойынша сел қаупі Зайсан, Алтай, Катонқарағай аудандары мен Риддер қаласы аумағында орналасқан 13 өзен бассейнінде тіркелген. Аталған аумақтағы 144 мореналық көл 13 селдің қалыптасу ошағын құрайды және ол 11 елді мекенге қауіп төндіруі мүмкін.
Сел ұзақ уақытқа созылған нөсер жауын-шашыннан кейін немесе күшті жер сілкінісі кезінде ғана жүруі ықтимал.
- Облыста сырғыма қаупі бар учаскелер сирек кездеседі. Барлығы 9 учаске анықталған. Олардың басым бөлігі – өзен жағалауларының тік жарқабақтары мен автокөлік жолдары бойындағы тау беткейлерінің ойылған бөліктері. Бұл учаскелер Алтай, Катонқарағай, Зайсан аудандары мен Риддер қаласы маңындағы Громотуха, Үлбі, Черновая, Хамир, Бұқтырма және Кендірлік өзендерінің бассейндерінде орналасқан, - делінген ақпаратта.
Сел қаупі кезеңі басталғалы бері 9 маусымдық гидробекет және Катонқарағай ауданындағы Сарымсақты өзенінде 1 жыл бойы жұмыс істейтін гидробекет бар. Күн сайын тәулігіне үш рет барлық гидробекеттен сел қаупі бар учаскелердегі гидрометеорологиялық жағдай туралы ақпарат беріледі.
Жалпы, сел қаупі жоғары кезеңнің басынан 69 жерүсті сел қаупі бар учаскеге және 45 сырғыма қаупі бар учаскеге тексеру жүргізілді. Жағдай тұрақты, қандай да бір қауіп анықталған жоқ.
Еске салсақ, осыған дейін тас көшкініне тап болған турист тікұшақпен эвакуацияланғаны хабарланған.