Шығыс Қазақстандағы «Қызыл ту» мұз өткелі ашылды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданындағы мұз өткелі ашылды.

Фото: ШҚО Полиция департаменті

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Күршім мен Самар аудандарының арасын жалғап тұрғын «Қызыл ту» мұз өткелінде көлік қозғалысына рұқсат берілді.

«Құйған ауылдық округі әкімінің қаулысына сәйкес, өткелден жалпы салмағы 1,5 тоннаға дейінгі көліктер өте алады. Көлік жүргізушілеріне қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау қажеттігін ескертеміз. Мұз өткелінен өтер кезде көліктегі қауіпсіздік белдігін шешу керек», - делінген ақпаратта.

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Қызыл ту» өткелінде көпір құрылысы жүргізіліп жатыр. Өткел жылдың соңында техникалық көпір ашылған болатын. Бірақ онда тек құрылысшылардың техникалары жүреді.