Су түбі лайланған
Тамылжыған табиғаты бар Шығыс өңірі өзен-көлге де бай. Елдегі су ресурстарының шамамен 40%-ы осы облыста шоғырланған. Сондықтан да жаз шыққанда Қазақстанның әр түкпірінен демалушылар осында ағылады. Соның бірі Айсұлу есімді Алматы қаласының тұрғыны.
- Өзім мұғалім болып жұмыс істеймін. Жазғы каникул сайын Шығыс Қазақстандағы туыстарыма қонаққа келуге тырысамын. Сібе көлдеріне, Бұқтырма өзеніне барып көрдім. Өте қатты ұнады. Биыл жазда Самар ауданындағы Сарыбел жағажайына баруды жоспарлап отырмыз, - дейді ол.
Өскеменде тұратын Бақтияр Мұхамедов болса, қаладан шықпай-ақ суға шомылатынын айтты.
- Негізінен «Котлован» жағажайына барып тұрамын. Ал «Самал» саябағындағы судың ағыны тым қатты. Әрі суы да салқын. Сондықтан ол жаққа көп бара бермеймін, - дейді қала тұрғыны.
Жалпы Өскеменде бұған дейін шомылуға арналған 3 жер болған. Бірақ Сол жағалау саябағында орналасқан «Көгілдір көлдер» жағажайында суға түсуге тыйым салынды.
- Жағажай ресми түрде жабылды. Енді тиісті ескерту белгілері орнатылады және күзетшілер кезекшілік етеді. Шомылуға тыйым салу туралы шешім қабылдануының негізгі себебі - су қоймасының нашар жағдайы мен түбінің лай болуы. Десе де саябаққа келушілер қайықпен жүзіп, катамаранмен серуендей алады, - деп хабарлады Сол жағалау саябағынан.
Ал қалған екі жағажайдың жағдайы қалай екендігін ШҚО Туризм басқармасынан біліп көрдік.
- Биыл «Самал» саябағын абаттандыруға 500 млн теңге бөлінген. Соның шеңберінде жағажай аумағын санитарлық тазалау жұмыстары жүргізілді. Алдағы уақытта орындықтар, бейнебақылау камералары, суға қауіпсіздік белгілерін орнату, санитарлық тораптар мен душ кабиналарын жөндеу және құтқарушылар штатын жасақтау жоспарланып отыр. Сонымен қатар жағажай аумағындағы су ағысының қарқынын бәсеңдету мақсатында гидротехникалық жұмыстар жүргізу көзделген, - дейді басқарма басшысы Ержан Сембинов.
Өткен жылы «Котлован» жағажайында жол инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары жүргізіліп, 140 орындық автотұрақ ұйымдастырылды. Жарық тартылып, сумен жабдықталып, жағажайға құм төселді.
- Биыл бұл демалыс орнын абаттандыруға 70 млн теңге қарастырылған. Оған шомылуға арналған понтондық конструкция, орындықтар, шатырлар, жатын орындықтар, қоқыс жәшіктері мен санитарлық тораптар орнату көзделген. Алайда бейнебақылау камераларын, қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған контейнерлерді, душ кабиналарын, құтқару бекеттері мен медициналық көмек пункттерін орнату мәселелері әлі пысықталмаған, - дейді басқарма басшысы.
Ресми түрде алғаш рет ашылады
«Котлован» жағажайы Өскемен қалалық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің балансында. Сондықтан жағажайда биыл қандай өзгеріс болатынын солардан біліп көрдік.
- Биыл «Котлован» алғаш рет ресми түрде рұқсат етілген демалыс аймағы ретінде ашылайын деп отыр. Қазіргі уақытта дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оны 15 маусымға дейін аяқтау жоспарланған. Жағажай таңғы 8.00-ден кешкі 20.00-ге дейін жұмыс істейді. Түнде шомылуға тыйым салынады. Жағажайға күзет қойылады, - деп жауап берді бөлімнен.
Ал жалпы Шығыс Қазақстанда биыл жазда 20-дан астам жағажай жұмыс істейді. ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне сүйенсек, ең көп жағажай Ұлан ауданында. Онда суға шомылуға болатын 8 учаске бар.
– Облыс әкімдігінің қаулысына сәйкес өңірде шомылуға болатын 23 учаске белгіленді. Оның ішінде 9 коммуналдық, 8 жеке, 1 муниципалды жағажай. Өңір бойынша судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 5 құтқару бөлімшесі жұмыс істейді. Сондай-ақ биылғы шомылу маусымында Самар ауданының Сарыбел ауылдық округінде жылжымалы құтқару бекетін іске қосу жоспарланған, - дейді департамент бастығы Рашид Блялов.
Құтқарушыларға су айдындарының түбін тексеру үшін сүңгуірлік жұмыстар жүргізуге 16 өтінім келіп түскен. Тексеру аяқталғаннан кейін ғана дайындық актісі беріледі.
Шомылу маусымы кезінде жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында ТЖД қызметкерлері, полицейлер мен жергілікті атқарушы орган өкілдері бірлескен рейдтер жүргізеді. Көбіне бұзылатын судағы қауіпсіздік ережелері келесідей:
- жабдықталмаған жерде шомылу;
- балалардың ересектердің қарауынсыз судың жанында болуы;
- мас күйде шомылу;
- жүзу құралдарын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтамау.
2026 жылдың басынан бері суда 3 жазатайым оқиға тіркелген.
Бұқтырмада қандай өзгеріс болады?
Осы жылы Өскемен іргесіндегі Ұлан ауданындағы Шалқар көлі жағалауын абаттандыру жұмыстары жалғасын таппақ. Өткен жылы 100 орындық автотұрақ аймағы кеңейтіліп, кіреберіс жолдар асфальтталып, 5 кабиналы санитарлық-гигиеналық торап орнатылған болатын. Сонымен қатар 150 текше метр құм жеткізіліп, қоқыс контейнерлеріне арналған алаңдар жабдықталған.
Ал биыл 132 млн теңге бөлініп, жағажай аумағын 1 гектарға дейін кеңейту, медициналық пункт орнату, жағалау мен суды қамыстан тазарту, фуд-аймақтарды жайластыру, шезлонгтар мен душ кабиналарын орнату көзделген.
- Бұзу және құрылыс жұмыстарының жүргізілуіне байланысты жағажайды жаңғырту осы жылдың тамыз айында аяқталады. Осы уақытқа дейін жағажайға келушілер үшін жабық болады. Ал Алтай ауданындағы Жаңа Бұқтырма кентінде кәсіпкермен жасалған меморандум шеңберінде жағажай инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары аяқталуға жақын. Орындықтар, ақпараттық стендтер, құтқару мұнарасы және қалдықтарға арналған контейнерлер орнатылды. Су мен топырақ сапасына сынамалар алынды, - деп хабарлады ШҚО Туризм басқармасынан.
Кентте демалыс базаларына апаратын айналма жол салынған. Алда Арбат салу және жағажайды қайта жаңғырту жұмыстары көзделген. Жоба қазіргі уақытта түзетуден өтіп жатыр. Оны іске асыруға қаржы әлі бөлінген жоқ.
- Сонымен қатар Бұқтырма су қоймасының жағалау аумағына арналған Бас жоспар әзірленіп жатыр. Жаңа Бұқтырма кенті өңірдегі жазғы жағажай туризмінің негізгі аймағы мәртебесін сақтап отыр. Ондағы туристік нысандарда инфрақұрылым мәселелері бар. «КЭМОНТ» АҚ-ның электр беру желілері арқылы демалыс базаларының көп бөлігі электрмен жабдықталады, - делінген ақпаратта.
Еске салсақ, осыған дейін ІІМ шомылу маусымында қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырғаны хабарланған.