Шығыс Қазақстандағы жер үйлерде биыл 21 адамға иіс тиген

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында 1 қазанда басталатын жылыту маусымы қарсаңында тұрғын үй секторындағы профилактикалық жұмыстар күшейтілді.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Құтқарушылар үйлерді аралап, пештерді, мұржаларды және электр құрылғыларын қауіпсіз пайдалану талаптарын түсіндіріп жатыр.

- Өткен жылыту маусымында өңір бойынша 460 өрт тіркелсе, оның 341-і тұрғын үй секторында болған. Жер үйлердегі өрт салдарынан 22 адам қаза болды. Мамандар қайғылы жағдайларға негізінен от жағу кезіндегі салақтық, мас күйде төсекте темекі шегу және пештерді пайдалану талаптарының бұзылуы себеп болып отырғанын айтады, - дейді ШҚО ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Нұржан Өміржанов.

Жылыту маусымында көміртегі тотығынан улану қаупі де артады. Жыл басынан бері облыста 21 адамға иіс тиген.

Қауіптің алдын алу үшін үйлерге улы газды анықтайтын датчиктерді орнату жұмыстары жалғасып жатыр. Әсіресе әлеуметтік тұрғыда осал санаттағы азаматтардың баспаналарына басымдық берілген.

Соңғы алты жылда облыста осындай 17 мыңнан астам датчик орнатылды.

Еске салсақ, осыған дейін Астанада қысқы жылыту маусымына жылу қоры дайын екендігін жазғанбыз.