Шығыс Қазақстандағы жолдардың бірінде көлік қозғалысы шектелді

Фото: Алина Тулеубаева / Kazinform

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысындағы жолдардың бірінде кейбір көлік түрлерінің қозғалысына тыйым салынды. 

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, ауа райының қолайсыздығына, нақты айтқанда қалың қар мен көктайғаққа байланысты облыстық маңызы бар автокөлік жолында кейбір көлік түрлерінің қозғалысына тыйым салынды.

— 5 қаңтар сағат 19.30-дан бастап «Өскемен-Риддер-Ресей Федерациясының шекарасы тасжолының 15-105 шақырымында (Белоусовка елді мекені мен Риддер қаласының арасындағы жол) тіркемесі бар және жартылай тіркемелі жүк көліктерінің қозғалысына уақытша тыйым салынды. Сондықтан жүргізушілерді өз бағыттарын алдын ала жоспарлап алуды сұраймыз, — делінген ақпаратта.

Болжам бойынша жол ертең таңғы сағат 06.00-ге дейін жабық тұрады. 

Осы ретте, құтқарушылар өңір жұртшылығына жолдардың жай-күйін «Дәрмен» мобильді қосымшасы арқылы біліп отыруға кеңес берді.

Еске салсақ, осыған дейін Алматы облысында Көшпенділер қаласына дейін жаңа жол салынғаны хабарланған