Шығыс Қазақстанның таулы жерлерінде қар көшкіні жүру қаупі жоғары

Фото: Видеодан алынған скрин

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысының таулы жерлерінде қар көшкіні жүруі мүмкін. 

ШҚО төтенше жағдайлар баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, ақпан айының соңына дейін өңірде қар көшкіні жүру қаупі сақталады.

– Метеорологиялық жағдайдың өзгеруіне, жиі қар жаууына және желдің күшеюіне байланысты облыстың таулы жерлерінде қар көшкіні түсуі ықтимал. Осы ретте, тұрғындарға барынша абай болуды, ешбір жағдайда тауға шықпау қажеттігін ескертеміз. Егер қандай да бір қиындыққа тап болсаңыздар бірден «112» нөміріне қоңырау шалыңыз, - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Сондай-ақ құтқарушылар өңір жұртшылығына алыс сапарға шығар алдында жолдардың жай-күйін «Дәрмен» мобильді қосымшасы арқылы тексеріп отыруға кеңес берді.

Еске салсақ, бұған дейін ШҚО-да көктемнің алғашқы айында ауа райы қандай болатыны жайлы жазғанбыз.