Шығысқазақстандық кәсіпорын Еуропаның 27 еліне бал сатады

Коллаж: Kazinform/Canva

АСТАНА. KAZINFORM – Шығысқазақстандық кәсіпорын Еуропаның 27 еліне бал жеткізу мүмкіндігін алды. Бұл туралы ШҚО Нұрымбет Сақтағанов Астанада өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есебінде айтты.

Әкімнің айтуынша, биыл аймақтың аграрлық секторы тұрақты өсім көрсетіп отыр. Астық өнімі 101,5%-ке, майлы дақылдар – 107%-ке артқан.

– Қайта өңделген экспорттық өнім үлесі 66%-тен 71%-ке дейін өскен. Цифрлық жүйені пайдалану арқылы егістік жерлердің 40%-і өнімділікті гектарына 30 центнерге дейін арттыруға мүмкіндік берді, – деді облыс әкімі Орталық коммуникациялар қызметінде.

Агрөөнеркәсіп кешенінде сыртқы ынтымақтастықты нығайту мақсатымен Қытай, Ресей және Өзбекстанмен өзара іс-қимыл жолға қойылған.

– Біз ірі қытайлық сауда компанияларымен, жалпы құны – 50 млн долларға май өнімдерін жеткізуге келісімшарт жасастық. Сол сияқты мал шаруашылығы өнімін Қытай нарығына шығару үшін биыл зерттеу нәтижелері әлемнің 112 елінде танылған арнайы сертификаттау зертханасы құрылды. Біздің жерлестер Еурокомиссия тізіміне енген алғашқы қазақстандық кәсіпорын ретінде Еуропаның 27 еліне Шығыстың балын жеткізу мүмкіндігіне ие болды, – деді Н. Сақтағанов.

Балық шаруашылығында да өңір көш бастап тұр. Биыл 2,5 мың тонна балық өндірілмек. Сібір бекіресін қалпына келтіру үшін Қара Ертіске 61 мыңнан астам балық шабақтары жіберілді.

Айта кетейік, 2025 жылы Шығыс Қазақстан облысының экономикасы тұрақты оң динамиканы көрсетіп отыр.

Биыл ШҚО-да құны 55 млрд теңге болатын 15 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланған, нәтижесінде 400-ден астам жаңа жұмыс орны құрылады.