Шығыста қараусыз жүрген жануарлардан зардап шеккендер саны артты

Фото: Kazinform

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында жүгенсіз жүрген жануарлардың кесірінен адамдар зардап шегіп отыр.

Бұл туралы ШҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен мәлімдеді.

2025 жылы жануарлар тістеп не болмаса тырнап алды деп шағымданып медициналық көмекке жүгінген тұрғындар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 26%-ға артқан. Былтыр 1671 жағдай тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 2112 адамға жеткен.

— Зардап шеккендердің көпшілігін ит қауып алған (81,6%), мысық та иттен қалыс қалар емес, олардан зардап шеккендер пайызы (16,3%), қалғаны жылқы мен өзге де ауыл шаруашылығы жануарлары. Адамға зиян тигізген жануарлардың жартысынан көбі иесіз жүргендер, — деді департамент басшысының орынбасары Сәуле Сләмғазина.

Мамандар егер адам иесіз жүрген жануардың шабуылына тап болса, дереу медициналық көмекке жүгініп, құтыруға қарсы екпенің толық курсын алу қажет екенін ескертті.

Еске салсақ, бұған дейін Түркістан облысында үй жануарларынан зардап шеккендер саны артқанын жазған болатынбыз.