Шығыста онкологияға шалдыққандар саны көп болғанымен, өлім азайып келеді — әкім

Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов «Jibek Joly» арнасындағы «Уәде» бағдарламасына берген сұхбатында өңірдегі онкологиялық ахуалға тоқталды.

— Облыста жыл сайын онкологиялық аурудан көз жұматындардың саны азайып келеді. Өз кезегінде онкологияға шалдыққандардың саны көбейіп жатыр. Одан біз не түсінеміз? Скрининг сияқты ауруды ерте бастау жұмыстарының нәтижесінде бірінші сатыдағы науқастарды тез анықтап, статистикада науқас саны көбейген сияқты көрініп жатыр. Ал шын мәнінде ерте анықтау арқылы өлім санын азайттық, — деді өңір басшысы.

Сондай-ақ, әкім Өскемендегі онкологиялық орталық медициналық туризм ошағына айналғанын айтады.

Фото: Дияр Бексұлтанов

— Қазір сол орталықтардан check-up өтуге (кешенді медициналық тексеруден өту — ред.) өзге өңірлерден бөлек Ресей мен Түркиядан науқастар келеді. 2-3 күнге келіп, тексеріледі. Кейбіреулер бізден кейін Израильдің, Германияның, Оңтүстік Кореяның орталықтарына барғанда берген анықтамалары біздікімен бірдей шығып жатыр. Біз ауыл тұрғындарын сапалы скринингпен қамтуға күш салып жатырмыз. Мысалы Маралды ауылынан былтыр да, биыл да адамдарды осында тегін әкеліп, тегін скринингтен өткіздік, — деді Нұрымбет Сақтағанов.

Осыдан бұрын Денсаулық сақтау министрлігі онкологиялық скринингтен кімдер тегін өте алатынын айтты.