Шығыстүстімет кеншілері: Референдум — жауапты таңдау

Фото: KAZ Minerals

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда республикалық референдум өтеді. Оның барысында азаматтар Конституцияға өзгерістер енгізу мәселелері бойынша өз пікірін білдіреді. Көпшілік үшін бұл жай ғана науқан емес, саналы азаматтық таңдау әрі ел болашағына әсер ету мүмкіндігі.

Осы орайда KAZ Minerals Тобына қарасты «Шығыстүстімет» ЖШС қызметкерлері де өз ұстанымдарын білдірді. Олар күнделікті жұмысында жауапкершілік пен өзара сенімге сүйеніп еңбек етіп келеді.

Тау-кен шебері Темірлан Исламханов жеке жауапкершілік қағидаты өндірісте ғана емес, қоғамдық өмірде де маңызды екенін атап өтті:

— Біздің жұмысымызда ұсақ-түйек болмайды — әр адамның іс-әрекеті қауіпсіздікке және ортақ нәтижеге әсер етеді. Біз өз шешімдеріміз үшін жауап беруге үйренгенбіз.
Референдум да — дәл сондай жауапты таңдау. Шет қалмай, келіп дауыс беруді маңызды деп санаймын. Бұл — менің ел болашағына қосқан үлесім. Баршаңызды да осыған шақырамын, — деді ол.

Фото: KAZ Minerals

Осындай пікірді «Шығыстүстімет» ЖШС басқару пультінің операторы Татьяна Бояринова да қолдайды:

— Өндірісте жұмыс істей отырып, әр адамның әрекеті мен сенімінің қаншалықты маңызды екенін терең түсінесің. Ортақ нәтиже — әрқайсымыздың үлесіміз. Азаматтық ұстанымды білдіру — бұл да жауапкершілік. Мен міндетті түрде дауыс беруге келіп, өз таңдауымды жасаймын. Әр адам белсенді болып, бейжай қалмауы керек деп ойлаймын, — деп ойын ортаға салды.

Белсенділік, жауапкершілік және бейжай қалмау — тек өндірісте ғана емес, ел өмірінде де маңызды. Сондықтан кәсіпорын қызметкерлері референдумға қатысуды қажет деп санап, өзге азаматтарды да олардан үлгі алуға шақырады.